KZ-CERT Елорда әкімдігінің «бұзылған» аккауынтын қайтарып берді

Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында қала тұрғындары инстаграмдағы @akimat_nur_sultan ресми аккаунтының «бұзылғаны» және осыған орай, елорда әкімдігінің өкілдері ресми жаңалықтарды жариялау үшін уақытша @akimat_nursultan парағын ашқаны туралы Компьютерлік инциденттерге әрекет ету орталығына хабарлады.

KZ-CERT қызметкерлері Нұр-Сұлтан әкімі аппаратының өкілдерімен байланысқа шыққаннан кейін, бұл ақпараттың шынайы екеніне көздерін жеткізді.

Ал 27 қаңтар күні, KZ-CERT қызметкерлерінің белсенді әрекеттерінің арқасында, аккаунт қалпына келтірілді. KZ-CERT қызметі жасаған тексеріс бойынша, @akimat_nur_sultan инстаграм парағының мазмұны өзгеріске ұшырамаған.

Нұр-Сұлтан әкімі аппаратының өкілдеріне парольді қорғау саясатының ережелері бойынша кеңестер беріліп, сондай-ақ Инстаграмдағы аккаунтты жаңа электрондық пошта мекенжайына, телефон нөміріне тіркеуде және екі факторлы сәйкестендіруді орнатуда көмек көрсетілді.

Әлеуметтік желілердегі аккаунттар, әсіресе танымалдары, шабуылдаушылар үшін өте тартымды болып келеді. Ал нашар қорғалғандарды бұзу оларға тіптен оңайға түседі.

KZ-CERT қызметі әлеуметтік желілерде тіркеу деректеріңіздің қауіпсіздігіне аса назар аударуларыңызды үнемі ескертіп отырады.

Кез-келген аккаунт қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ол мықты, ұзақ, ерекше құпия сөзді орнату. Зиянкестер өз кезегінде ондай құпия сөздердің сәйкестігін таба алмайды, ал аккауынтыңызды бұзу мүлде қолдарынан келмейді.

Құпия сөздің таралып кетуінен сақтану үшін екі факторлы сәйкестендіруді қосыңыз. Сіздің атыңыздан жаңа құрылғы арқылы кіретін болса, әлеуметтік желі SMS немесе арнайы қосымшадан бір реттік код сұрайды. Осылайша, сіз басқа біреулердің желіге кіру әрекеттері туралы әрдайым білесіз, және кодты білмей аккаунтыңызды бұзу мүмкін болмайды.