«МТҚ» РМК жұмыскерлері практикалық конференцияға қатысты

28-29 қараша аралығында Астанада ЕҚЫҰ өкілдерінің ұйымдастырумен «Киберкеңістіктен шығатын қатерлерге байланысты ядролық емес энергетикалық инфрақұрылымның өте маңызды объектілерін террористік актілерден қорғау бойынша тәуекелдерді бағалау және дағдарыстық жағдайларды басқару» тақырыбына арналған практикалық конференция болып өтті.

Конференцияны ЕҚЫҰ саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Колин Маккалау және Трансұлттық қатерлермен күрес жөніндегі департаменттің өкілдері Ку де Смед пен Робин Кроха ашты.

Сондай-ақ, іс-шараның басталуында Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Тимур Шаймергенов және ҚР ҚАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дмитрий Голобурда құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер өз сөздерінде әлемдегі өсіп бара жатқан киберқылмыстарға қатысты алаңдаушылық білдірді.

KZ-CERT Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің бастығы Асқар Қалиев киберқатерлерді талдау және тергеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы баяндама жасады. Баяндама бұған дейін бекітілген өзара әрекеттесу меморандумдары шеңберінде жақын және алыс шет елдер арасында компьютерлік инциденттер туралы ақпарат алмасудың қалыптасқан тәжірибесіне негізделді.

Конференция барысында компьютерлік шабуылдарды болдырмау және жою бойынша нақты ұсынымдар берілді. Киберқауіптерге байланысты түрлі практикалық ахуалдардың үлгілері жасалды. Практикалық оқулар барысында ұсынылған озық тәжірибе, алдыңғы кезекте, мемлекеттерге киберкеңістіктен шығатын террористік актілер қатерлерін анықтауға жәрдем етуге арналған. Конференция нәтижесі бойынша, ЕҚЫҰ өкілдері тарапынан Қазақстан мамандарының ықтимал киберқауіптерге әрекет ету әзірлігі деңгейіне жоғары баға берілді.