Астанада компьютерлік инциденттерге әрекет ету тақырыбында семинар өткізілді

Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат агенттігі «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметімен бірлесіп 2014 жылғы 16 маусымда Астана қаласында компьютерлік инциденттерге әрекет етуге қатысты ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға арналған жыл сайынғы семинар өткізді.

Семинар компьютерлік және ақпараттық технологияларды қолдану саласындағы компьютерлік инциденттердің алдын алу мен болдырмауда көмек көрсету мақсатында өткізілді.

Семинардың негізгі міндеттері:

· Семинарға қатысушыларды Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің жұмысы туралы ақпараттандыру.

· Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ведомстволары қызметкерлерінің ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша құзыреттік деңгейін арттыру.

Семинарда ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК Ақпараттық қауіпсіздік департаменті директорының орынбасары Инна Николаевна Петрищева, Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің бастығы Жанат Жақыпов, Халықаралық жүйелік зерттеулер институты зертханасының меңгерушісі Маргарита Дмитриева сөз сөйледі.

Семинар барысында келесі мәселелер қаралды:

· Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері және басты аспектілері.

· Саясаттар мен рәсімдер: ақпараттық қауіпсіздік стандарттары, ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін басқару.

· Желілік қауіпсіздік. Желілік қауіпсіздікті ұйымдастырудың проблемалары.

· Қорғаудың криптографикалық аспектілері. Электрондық поштаны қорғау.

· Қорғалған бағдарламалау тәжірибесі: Әлеуметтік инженерия тәсілдері.

Семинар аяқталғанда «Компьютерлік инциденттерге әрекет ету» тақырыбындағы семинарға қатысу туралы Сертификаттар берілді.